Қазақстан туристік державалардың қатарына кіруге ұмтылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан саяхат үшін тартымды 50 елдің қатарына кіретін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасын таныстырған министрдің айтуынша, құжат АҚШ, Канада, Франция, Испания, Түркия, Араб Әмірліктері сынды 10 туристік державаға кіруге мүмкіндік беретін 10 стратегиялық шараны қамтиды.

«Олардың толық жүзеге асырылуы орасан зор әлеуметтік-экономикалық нәтиже береді. Атап айтқанда, жұмыспен қамтылғандар саны 427 мыңнан 650 мың адамға дейін артады, оның шамамен 72 мыңы - шалғайдағы ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындары. Бұл Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына толық сәйкес келеді. Мұнда Қазақстанның барлық халқының шамамен 40 пайызы 7,5 млн адам тұрады», - деді ол.

Министрдің дерегінше, жоба жүзеге асырылғаннан кейін ел экономикасына 2 мың доллардан қалдыратын шетелдік туристердің саны 5 млн, ал ішкі туристердің саны 10 миллионды құрайды. Жоспарланған 2 трлн теңгенің 70 пайызын жеке инвестициялар салады. Елдің ЖІӨ құрылымындағы туризмнің үлесі 9,6 млрд АҚШ долларынан 16 млрд АҚШ долларына дейін өседі.

«Мемлекеттік бағдарлама елдің туристік саласына мемлекеттік бюджеттен тәуелділіктің толық ауытқуын қамтамасыз етеді және бизнес пен инвесторлардың белсенді қатысуы есебінен саланы өзін-өзі ақтайтын рельстерге шығарады. Нәтижесінде Қазақстан саяхат үшін тартымды 50 елдің қатарына кіреді», - деді министр.