Қазақстан Туристік қауымдастығы турагенттіктердің бірыңғай тізілімін құрды

АЛМАТЫ. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда  турагенттік лицензиялаудың  күшінің жойылуына байланысты  Қазақстанның Туристік қауымдастығы мен бірқатар жекеменшік туристік компания өкілдері бұл мәселеге өз алаңдаушылықтарын білдіріп,  оның орнына турагенттерінің бірыңғай жаңа тізілімін құруды ұсынды.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың 30 қаңтарынан бастап «Рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 461-IV заңына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер өз күшіне енді. Соған сәйкес, турагенттік қызметтерге мемлекеттік лицензиялаудың күші жойылды. 

 Баспасөз мәслихатында Қазақстанның Туристік қауымдастығының  (ҚТҚ) директоры Рашида Шайкенова: «Турагенттік қызметті мемлекеттік лицензиялаудың күші жойылғаннан бастап  осы туризм саласында қызмет ететін кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өздерін нарықта турөнімдерінің бөлшектеп сатушылары ретінде жұмыс істеу мүмкіндігі жоғалды.  Лицензия бұған дейін тәртіптендіруші қызметті орындап қана қоймай, сондай-ақ, фирманың қызмет көрсетудің белгілі бір кәсіби нарығына жататынын куәландыратын. Мұндай белгінің болмауы салдарынан турагент-кәсіпорынды басқа салаға жататын кәсіпорыннан ажырату мүмкін болмайды. Оның нәтижесінде салалардың шекарасы көмескіленіп, оның өкілдеріне тұтынушылардың сенімі азаятын болады. Мұндай мәселелерден кейін туризм нарығы әрі қарай қалай жұмыс жасамақ? Туржолдамалар нарықта енді қалай саудаланбақ?», - деді.

Оның пікірінше, енді нарыққа турагенттерді есепке алуға және олардың өзін-өзі белгілеуіне арналған жаңа құралдар қажет. «Оны басқа елдердің тәжірибесі де  көрсетіп отыр. Ол үшін біздің Туристік қауымдастық (ҚТҚ) Қазақстан Республикасы турагенттерінің біріңғай тізілімін құрып отыр. Жобаның негізінде оған ҚР-ның «Туристік қызмет туралы» заңына сәйкес турагенттік қызметті жүзеге асырып отырған кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің тізімінен құралған электронды мәліметтер базасы кіретін болады. Еріктілік негізде құрылған қазақстандық тізілім турагенттік нарыққа қатысушылардың едәуір саны туралы ақпаратты бір ортаға біріктірмек.   Тізілімге туроператорлар, туристер және барлық мүдделі тараптар еркін кіре алатын болады», - деді Рашида Шайкенова.

Оның айтуынша, тізілімге қатысу еріктілік негізінде жүзеге асырылады. «Турагенттік қызмет көрсету саласына жататын кез келген кәсіпкерлік субъектісі тізілімде тіркеліп, тіркеу нөмірін және тіркелу жөнінде куәлік ала алады. Жаңа тізілімнің пайда болуы туроператорлар үшін, әсіресе тұтынушылар үшін аса маңызды. Біріншіден жоба серіктестерді таңдау кезінде, ал екіншілер үшін турды сатып алуға болатын заңды турфирмаларды іздеу кезінде жәрдемдеседі», - деп атап өтті қауымдастық басшысы Р. Шайкенова.  

Алдағы уақытта бұл ресурс Қазақстанның кез келген қаласында немесе аймағында туристке қажетті бағытта немесе демалу түріне мамандандырылған, тексерілген (тізілімге енгізілген) турагенттікті табуға мүмкіндік бермек.

Баспасөз мәслихаты барысында ҚР Турагенттерінің бірыңғай тізілімі туризм саласының өзін-өзі реттеу бойынша алғашқы қадамы ретінде мемлекеттік құрылымдардан қолдау тауып отырғандығы аталып өтті.  Оның құрылуын ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, «Атамекен» Одағы, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер форумы мақұлдап отыр.