Қазақстан түркі мемлекеттерінің желілік медициналық университетін құруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM - Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің денсаулық сақтау министрлерінің алтыншы кездесуінде Қазақстан тарапы түркі мемлекеттерінің жетекші медициналық университеттерін біріктіріп, дәрігерлерді бірлесіп даярлау, мамандар алмасу және медициналық ғылымды дамыту жөнінде бастама көтерді.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ынтымақтастықтың жаңа форматтары жас медицина мамандарын даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге және өңір елдерінде заманауи медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

-Қазақстан Түркі мемлекеттерінің желілік университетін құруды ұсынды. Ол ТМҰ елдерінің жетекші медициналық жоғары оқу орындарын біріктіреді. Қоғамдық денсаулық сақтау, эпидемиология және биоинформатика салаларын қоса алғанда, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу көзделіп отыр, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Осы жұмысты үйлестіру үшін ТМҰ Хатшылығының жанынан Медициналық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесін құру ұсынылды. Академиялық алмасуға да ерекше назар аударылды. Қазақстан жас ғалымдарға, докторанттар мен резидент-дәрігерлерге арналған гранттық бағдарламаны іске қосуды, сондай-ақ сұранысқа ие медициналық мамандықтар бойынша бірлескен тағылымдамаларды дамытуды ұсынды. Басым бағыттардың қатарында балалар кардиохирургиясы, трансплантология, нейрохирургия және онкогематология бар.

Қазақстанның ұлттық ғылыми орталықтары мен университеттік клиникалары ТМҰ елдерінен келген мамандарды практикалық даярлау алаңдары болуға дайын. Ынтымақтастықта медициналық-санитариялық алғашқы көмек пен отбасылық медицинаны дамытуға ерекше орын беріледі.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстан ауылдық және шекара маңындағы аудандарда жұмыс істейтін дәрігерлер үшін бірлескен білім беру бағдарламаларын, көшпелі мектептер мен қысқа мерзімді тағылымдамалар ұйымдастыруды ұсынады. Өнімді әріптестіктің практикалық мысалы ретінде Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанда өткен Қазақстан медицинасы күндерін атап өтуге болады.

Мемлекетаралық ынтымақтастық шеңберінде дәрігерлер бірлескен операциялар жасап, пациенттерге консультациялар берді, заманауи медициналық технологияларды қолдану тәжірибесімен алмасты. Мұндай өзара іс-қимыл кәсіби байланыстарды нығайтуға, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың практикалық және ғылыми әлеуетін арттыруға, сондай-ақ медициналық көмек көрсетудің үздік практикаларын бірлесіп енгізуге мүмкіндік береді. Қазақстан осындай бағдарламаларды тұрақты негізде өткізуді және бірлескен медициналық миссиялар практикасын ТМҰ-ның басқа да мемлекеттеріне таратуды ұсынды.

Осыған дейін Қазақстан түркі елдеріне дәрі-дәрмекті бірлесе сатып алуды ұсынған болатын.