«Қазақстан-Түркіменстан-Иран» магистралі арқылы 15 млн. тонна жүк өтетін болады - Көлік комитеті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың соңында ғана іске қосылған «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржол магистралі арқылы былтыр 1 млн. тонна жүк тасымалданып үлгерді. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Қайырден Нүркенов мәлім етті

«Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, 2014 жылдың соңында ашылған «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржол магистралімен 1 млн. тонна жүк тасымалданды. Бұл жол Парсы шығанағына шығатын жолды 500 шақырымға қысқартуға мүмкіндік берді. Жүк тасымалдау әлеуеті жоғары магистральдардың бірі осы. 2020 жылға қарай осы магистраль арқылы 15 млн. тонна жүк өтеді жоспарланып отыр», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, сонымен қатар құзырлы органдар көлік саласында біратар жобаларды қолға алуда. Оның ішінде Ақтау портын кеңейту және «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізін салу жобалары бар.

Еске сала кетейік, Елбасы Н.Назарбаев 2014 жылдың желтоқсан айында Түркіменстан және Иран президенттерімен бірге «Өзен-Берекет-Гөрган» халықаралық теміржол магистралін ашқан болатын. Бір ай бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстан Президенті Гүрбангулы Бердымұхамедовпен телефон арқылы сөйлесу барысында «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржол магистралін тиімді пайдалану қажеттігін атап өткен еді.