Қазақстан-Түркия СІМ басшылары сауда-экономикалық қатынастарды жандандыруды талқылады
Түркия Сыртқы істер министрі Мевлюд Чавушоғлы бүгін әріптесі Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ерлан Ыдырысовпен стратегиялық жоспарлау жөніндегі бірлескен тобының отырысында негізгі мақсатқа қол жеткізгенін айтта.
«Біздің бүгінгі кездесуіміздің мақсаты - Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысының күнтізбесін талқылау болды. Бүгінгі кездесуден кейін және алда келе жатқан кеңес отырысы екі елдің қарым-қатынасын жаңа сатыға көтереді деп сенеміз. Кеңестің 3-ші кезекті отырысы келесі жылы Түркияда өтеді. Бүгінгі жиында біз саяси, әскери, мәдени саладағы жан-жақты тақырыптарды талқыладық, сонымен қатар, консулдық қарым-қатынастар да жиынның күнтәртінде болды», - деді Мевлюд Чавушоғлы.
Сөз кезегін алған министр Ерлан Ыдырысов бүгінгі кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелеріне жеке-жеке тоқталғанын атап өтті.
«Біз екі елдің өзара ынтымақтастығындағы мәселелерге жеке-жеке тоқталдық. Оның ішінде, сауда-экономикалық, инвестициялық сұрақтар көтерілді. Нақтырақ айтқанда, «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы мен Қазақстан-Түркия арасында индустриялық аймақтар туралы ірі жобаларымыз бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған инвестициялық келісімдер бар. Әлбетте, бүгінгі жиынның нәтижесі ретінде Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің ІІІ кезекті отырысын өткузе келіскенімізді айта кету керек. Кеңеске Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Сондай-ақ, бүгін ЭКСПО-2017 тақырыбы да көтерілді. Өздеріңіз білетіндей, Түркия бұл көрмеге белсенді қатысушы. Біздің делегациялар сарапшылар деңгейінде түстен кейін отырысты жалғастырады», - деді Ерлан Ыдырысов.
Айта кетейік, бүгін Алматыда Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі аясында стратегиялық жоспарлау жөніндегі бірлескен тобының отырысы өтіп жатыр. Жиынға Қазақстан мен Түркия Сыртқы істер министрлері Ерлан Ыдырысов пен Мевлюд Чавушоғлы қатысты.