Аталған бағдарламада ел намысын Виктория Лян, Диана Юнусова және Адель Жексенбинова қорғады.
Бірінші айналымда қазақстандық спортшылар Қытайлық Тайбэй құрамасынан 231:229 есебімен басым түсті. Алайда ширек финалда Мексика құрамасына 226:234 есебімен жол берді. Кейін мексикалық команда турнирдің финалына шықты.
ҚР ҰОК мәліметінше, жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан жетінші орынға тұрақтады. Қола медаль үшін өткен кездесуде Германия құрамасы АҚШ командасын жеңіп, жүлдегер атанды. Ал 13 маусымда өтетін финалда Мексика мен Түркия құрамалары өзара мықтыны анықтайды.
Ерлер арасындағы блокты садақпен атудан командалық жарыста Қазақстан атынан Ақбаралы Қарабаев, Мұса Ділмұхамет және Андрей Тютюн өнер көрсетті. Бірінші айналымда олар Мексика құрамасына 232:235 есебімен есе жіберді. Кейін мексикалық спортшылар Үндістанды жеңіп, қола медаль иеленді. Ал финалға Қытай мен Дания құрамалары жолдама алды.
Айта кетейік, Әсем Орынбай бастаған мергендер Италияда өтетін әлем кубогына аттанады.