Ауқымды фестиваль ТМД мемлекеттері басшыларының Түрікменстанға сапары аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Достастық елдерінің көшбасшылары қатысты.
Қазақстан павильоны қонақтарды еліміздің әр өңіріне гастрономиялық саяхат жасауға шақыратын ерекше форматта әзірленді. Экспозицияның негізгі идеясы қазақ халқының қонақжайлылығы, жомарттығы мен бірлігін білдіретін дастархан ұғымына негізделді.
Павильонда Қазақстанның табиғи ландшафттары, дәстүрлі тағамдары мен заманауи даму бағыттары өзара үйлестірілді.
Атап айтқанда, Сарыарқаның кең-байтақ астық алқаптары мен молшылықтың символына айналған бауырсақтар, қазақтың көркем жайлаулары мен ұлттық ет тағамдары ұсынылды. Қонақтар бесбармақ, сірне және қазақ етінен дайындалған тағамдармен танысты.
Сондай-ақ экспозицияда Іле Алатауының баурайында өсетін әйгілі Алматы апорты мен еліміздің солтүстігіндегі табиғаты көркем Бурабай өңіріне ерекше орын берілді.
Қазақстан павильонының тағы бір ерекшелігі – Каспий теңізінің гастрономиялық мұрасын таныстыру болды.
Мұнда бренд-шеф «Пятиминутка» уылдырығын жылдам тұздау тәсілін көрсетіп, арнайы аспаздық шоу ұйымдастырды. Қонақтарға балықтан әзірленген деликатестер мен фишбармақ ұсынылды.
Экспозицияның қорытынды бөлігінде Қазақстанның тарихи мұрасынан заманауи технологияларға дейінгі даму жолы көрсетілді. Атап айтқанда, «Цифрлық Қазақстан» бастамасы мен Alatau City жобасының таныстырылымы өтті.
Фестиваль аясында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы қазақ асханасын халықаралық деңгейде таныстыру жұмыстарын үйлестірді.
Қазақстанның қонақжайлылық саласындағы жетекші өкілдері де шараға қатысты. Атап айтқанда, «Sandyq» этномейрамхана-музейі мен авторлық қазақ асханасына маманданған «Qazaq Gourmet» мейрамханасы өздерінің таңдаулы тағамдарын ұсынды.
– Мұндай деңгейдегі іс-шараларға қатысу Қазақстанның халықаралық беделін нығайту үшін стратегиялық маңызға ие. Еліміздің туристік, мәдени және гастрономиялық әлеуетін ТМД мемлекеттерінің бірінші басшыларына тікелей таныстыру Қазақстанның әлемдік аренадағы танымалдығын арттыруға ықпал етеді. Бұл еліміздің ұлттық тағамдарын халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші гастротуризм орталықтарының бірі ретінде орнықтыруға бағытталған, – делінген Kazakh Tourism ұсынған ақпаратта.
Фестивальде ұлттық тағамдармен қатар қазақ халқының көшпелі мәдениеті де таныстырылды.
Kazakh Tourism бастамасымен және Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен іс-шара алаңына қазақтың құмай тазылары мен бүркітшілер әкелінді.
Қонақтарға халқымыздың саятшылық дәстүрі, қыран құспен аң аулау өнері мен тазының қазақ мәдениетіндегі орны көрсетілді. Бұл көшпелі өркениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, осындай халықаралық іс-шараларға қатысу Қазақстанның туристік және мәдени әлеуетін ілгерілету үшін маңызды.
Әсіресе ұлттық тағамдар арқылы елдің тарихын, табиғатын, тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрін таныстыру шетелдік қонақтардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар гастрономиялық туризмді дамыту еліміздің өңірлік ерекшеліктерін халықаралық деңгейде насихаттауға және Қазақстанды Орталық Азиядағы тартымды туристік бағыттардың бірі ретінде танытуға ықпал етеді.
Айта кетейік, бұған дейін Түрікменстандағы ұлттық тағамдар фестивалінде Қазақстанның 25-тен астам ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі кәсіпорны өз өнімдерін таныстырған болатын.
Казинформ
https://kaz.inform.kz/news/kazakstandik-25-ten-astam-ondrushnn-onm-turkmenstandagi-kormege-koyildi-80c62b58/