Қазақстан түрмелерінде отырғандардың 40 пайызы 2 немесе одан көп сотталғандар - Ж. Асанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан түрмелерінде отырғандардың 40 пайызы 2 немесе одан көп сотталғандар. Бұл туралы бүгін Астанада «Түрме реформасының» ІIІ форумында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов мәлім етті. Еске сала кетейік, «Сен қоғамға керексің!» атты жобаның бастауына айналатын бұл форум бұрын сотталған адамдарды заңға бағынушы азаматтар ретінде қоғамға реинтеграциялауға бағытталған.

Жақып Асановтың айтуынша, Қазақстанның қылмыстық құқық саласында пробацияның толық циклын енгізу бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл ретте Бас прокурор орынбасарын дамыған елдерде пробация тетігі барлық сатыларда: сотқа дейін, түрмеде және түрмеден кейінгі кезеңде де қолданылатынын атап өтті.

«Мәселен, осындай тетік енгізгендіктен Дания, Норвегия, Швеция елдерінде түрме индексі төмен. Голландияны алып қарасаңыз халық саны Қазақстанмен теңдей, алайда түрмедегілер саны оларда біздікінен 3,5 есеге аз. Оларда бұндай жүйе жақсы жоға қойылған. Ал Қазақстанда пробация сотқа дейінгі кезеңде де, түрмеде де енгізілмеген», - дейді Жақып Асанов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан түрмелеріндегілердің 40 пайызының соттылығы 2 немесе одан көп болып отыр.

«Сотталғандардың 71 пайызының кесілген жаза мерзімі 5 жылдан жоғары. Ал олар бостандыққа шыққанда не болады? 10 сотталушының 4-еуі босап шыққаннан кейінгі үш жылда қайта түрмеге түсуге бейім екен. Түрмедегілердің өзінде болашаққа деген сенім жоғалып барады, 4 жылда өз өзіне қол жұмсаудың 154 фактісі тіркелді. Ал психологтардың айтуынша, адам бес жыл бойына қоғамнан оқшауланғаннан кейін әлеумет арасындағы өмір мен тіршілік дағдыларынан айырыла бастайды. Сондықтан да, бізге адамның түрмеден босап шығуын күтіп отыра бермей, олармен сол орындарда жұмысты бастаған дұрыс. Бұл үшін барлық дамыған елдердегідей пробацияның сотқа дейінгі және пенитенциарлық моделін енгізу керек», - деді Ж.Асанов.