Қазақстан түрмелерінде шетелдік 1821 азамат жазасын өтеп жатыр - И. Меркель

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан түрмелерінде бас бостандығынан айырылған 1821 шетелдік азамат жазасын өтеп жатыр. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель осылай мәлім етті.

Еске сала кетейік, жиын барысында «Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.

«Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесінде жазаларын өтеп жатқан шетелдік сотталушыларға келетін болсақ, бұл көрсеткіш тұрақты емес. Кей жылдары екі мыңға жетеді, кейде одан да асады. Бүгінгі күні бас бостандығынан айырылған 1821 шет мемлекеттің азаматы Қазақстанның түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатыр», - деді И. Меркель.

Оның айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар белсене түскендіктен былтырғы жылы шамамен қырыққа жуық сотталған шетелдік азамат өз елдеріне жазасын өтеу үшін қайтарылды. Биылдың өзінде бас бостандығынан айырылған 23 адам да шет елдің сұрауларына орай берілген.

«Бұл шаруа (сотталған шетелдіктерді жазасын өтеу үшін өз елдеріне қайтару) неге белсенді жүргізілмейді дегенге келсек, жазасын өз елдерінде өтеу үшін қайтаруға сотталушының өзі келісімін беруі тиіс. Кейбір жағдайда, Қазақстанның бас бостандығынан айыру орындарынан Өзбекстан, Ресей азаматтары өз елдеріне кеткісі келмейді. Бұған бір себеп біздегі түзеу мекемелерінің жағдайы аталған елдерге қарағанда әлдеқайда жақсы болып отыр», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Бұдан бөлек, И. Меркель шет мемлекеттерде бас бостандығынан айырылған қазақстандықтарға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазір көптеген елдермен сотталғандарды беру туралы шарттар жасалып, соның негізінде ел азаматтарын Қазақстанда жазасын өтеу үшін қайтару жақсы жолға қойылып келеді. «Германиядан, Испаниядан сотталған Қазақстан азаматтары қайтарылды. Швейцария мен Чехияда да осындай істер атқарылды. Ең көп қайтарылған ел Ресей - биылғы жылдың өзінде сотталған 36 қазақстандық елге қайтарылып, олар жазаларын өтеп жатыр», - деді И. Меркель.

Соңғы жаңалықтар