Қазақстан UEFA-мен қарым-қатынасты нығайтады

Фото: Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM – UEFA президенті Александер Чеферин халықаралық арнамыз – Silk Way-ге сұхбат берді. 

UEFA басшысы алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт жанашыры, жанкүйері екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысымен қазақстандық футболды дамыту жолдарын талқылағанын айтты. 

– Бұл сіздің Қазақстанға және Орталық Азияға алғашқы сапарыңыз екенін білеміз. Президент Тоқаевпен қандай мәселелерді талқылағаныңыз қызық болып тұр. Бұған Қазақстан футбол федерациясының басшылығымен кездескеніңізді және болашақ шараларды талқыладыңыздар. Осыған қысқаша тоқталып өтсеңіз, - деп сұрады арна тілшісі. 

Өз кезегінде Александер Чеферин алдағы уақытта Қазақстанда ауқымды футбол ойындарын өткізуге болатынын айтты. 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортты, соның ішінде футболды да ерекше жақсы көреді екен. Біз Қазақстан және Еуропа футболы туралы көп сөйлестік. Футболды дамыту керектігін де талқыладық. Инфрақұрылымды дамыту ең маңызды мәселе екенін айттық. Қазақстанда бірқатар стадион саламыз. Егер инфрақұрылым талаптарға сай келсе, мен Қазақстанға тағы келемін және бұл жақта да келешекте маңызды матчтарды өткізе аламыз, - деді UEFA президенті. 

Ол сонымен қатар Мемлекет басшысымен UEFA Конгресін өткізу туралы, екіжақты серіктестікті арттыру жайын, әйелдер футболына қолдау көрсету жөнінде де сөйлескенін тілге тиек етті. 

– UEFA Конгресін өткізу мәселесін де талқыладық. Президент тарапынан күшті қолдауды сезіндік. Бізде қаржылай қолдауға байланысты бірнеше бағдарлама бар, оларды осы жерде жүзеге асырамыз. Біз сарапшылармен де көмектесе аламыз. Менің ойымша, екіжақты серіктестікті нығайтуымыз керек. Қазір даму үшін жақсы кезең. Сіздердің ұлттық құрамаларыңыз мықты болып келе жатыр. Талантты жас ойыншылар да көбейді. Бұдан бөлек, біз әйелдер футболына көп қаражатты инвестиция ретінде құямыз. Себебі, әйелдер футболы - салыстырмалы түрде ерлерге қарағанда жас спорт. Барлық 55 қауымдастық тиісті қаржылай көмекке ие болады. Қазір Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас өте жақсы. Алдағы уақытта бұл байланыс тек нығаяды деп сенеміз. Бүгінгі кездесу тамаша өтті. Президент Тоқаевқа бізге уақыт бөлгені үшін тағы да алғыс білдіремін, - деді Чеферин. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев UEFA президенті Александер Чеферинді қабылдағанын жазған едік. 

Сондай-ақ Еуропа футбол қауымдастықтары Одағының (UEFA) президенті Қазақстан футбол федерациясының кеңсесіндегі отырысқа қатысып, Қазақстан футболы туралы айтты.