Қазақстан UEFA-ның коэффициенттер рейтингінде екі сатыға жоғарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Конференция лигасы плей-офф сатысындағы қарымта ойындардан кейін UEFA-ның коэффициенттер рейтингінде 34-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коэффициент бірқатар талаптар негізінде құралады. Ағымдағы маусымның орташа мәні (жинаған ұпайлардың жалпы саны еуромаусымға қатысқан қауымдастық клубтарының санына бөлінеді) және алдыңғы төрт маусымның нәтижелері есептеледі.

Коэффициенттер тең болған жағдайда алдыңғы маусымдағы жоғары коэффициентке байланысты жоғары орынға жайғасады.

Қазақстан UEFA-ның жаңартылған коэффициенттер рейтингінде 36-орыннан 34-орынға көтерілді.

Еске салсақ, Конференция лигасы топтық сатысында еліміздің атынан «Астана» клубы ойын көрсетеді. Олар плей-офф сатысында албаниялық «Партизани» клубын екі ойынның нәтижесімен 2:1 (1:0, 1:1) есебімен сүріндірді.

Cондай-ақ, «Астана» командасының Конференция лигасы топтық кезеңдегі қарсыластары анықталды.

Ал қостанайлық «Тобыл» жарыстың аталған сатысында Чехияның «Виктория Пльзень» клубына (жалпы есеп – 1:5) жол берді.

UEFA коэффициенттер рейтингі кестесі:

1. Англия - 89.178 (2.250)

2. Испания - 75.989 (2.562)

3. Италия - 71.712 (2.428)

4. Германия - 69.767 (2.500)

5. Нидерланд - 55.100 (3.800)

6. Франция - 52.331 (1.750)

7. Португалия - 48.316 (3.000)

8. Бельгия - 38.400 (4.000)

9. Түркия - 32.850 (6.250)

10. Шотландия - 31.650 (2.000)

32. Ирландия - 10.875 (1.500)

33. Косово - 10.791 (2.250)

34. Қазақстан - 10.750 (2.375​)

35. Армения - 10.625 (2.250)

36. Латвия - 10.625 (1.625)

Сондай-ақ биыл Конференция лигасында сынға түскен қазақстандық «Ақтөбе» және «Ордабасы» турнирдің түрлі сатысында жарыс жолын аяқтады.