Қазақстан UEFA Ұлттар лигасының жеребесінде бірінші себетке түсті

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан құрамасы 2026/27 жылғы UEFA Ұлттар лигасының жеребесінде С лигасының бірінші себетіне енді.

Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.

Жеребе тарту рәсімі 2026 жылы 12 ақпанда Брюссельде Қазақстан уақытымен 22:00-де басталады.

Жаңа маусымда 54 ұлттық құрама төрт лигаға бөлінеді. Қазақстан С лигасында бірінші себетте Исландия, Албания және Черногория құрамаларымен бірге орналасқан.

Ережеге сәйкес, С лигасында төрт құрамадан тұратын төрт топ құрылады. Әр құрама топтық кезеңде алты матч өткізеді: оның үшеуі үйде, қалған үшеуі сырт алаңда. УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңі матчтары 2026 жылы қыркүйек айында басталады. 

Матчтар алты турға бөлінген: халықаралық терезелер қыркүйек және қазан айларында, сондай-ақ қарашада болады.

Топ жеңімпаздары жоғары лигаға көтерілу үшін таласса, ал соңғы орын алған командалар өз орнын сақтап қалу үшін плей-офф матчтарын өткізеді. 

2026/27 жылғы UEFAҰлттар лигасының барлық себеті:

A лигасы

1 себет: Португалия, Испания, Франция, Германия

2 себет: Италия, Нидерланд, Дания, Хорватия

3 себет: Сербия, Бельгия, Англия, Норвегия

4 себет: Уэльс, Чехия, Грекия, Түркия

B лигасы

1 себет: Шотландия, Венгрия, Польша, Израиль

2 себет: Швейцария, Босния және Герцеговина, Аустрия, Украина

3 себет: Словения, Грузия, Ирландия, Румыния

4 себет: Швеция, Солтүстік Македония, Солтүстік Ирландия, Косово

C лигасы

1 себет: Исландия, Албания, Черногория, Қазақстан

2 себет: Финляндия, Словакия, Болгария, Армения

3 себет: Беларусь, Фарер аралдары, Кипр, Эстония

4 себет: Латвия немесе Гибралтар, Люксембург немесе Мальта, Молдова, Сан-Марино

D лигасы

1 себет: Әзербайжан, Литва, Гибралтар немесе Латвия, Мальта немесе Люксембург

2 себет: Лихтенштейн, Андорра\

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде Қазақстан Премьер-лигасы 2026 жылғы маусымының күнтізбесін жасауға қатысты жеребе тарту рәсімі өтті.