Қазақстан уикипедия энциклопедиясында әлемде 42-орында келе жатыр -

АЛМАТЫ. 12 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан уикипедия энциклопедиясында бір жылға жетер-жетпес уақытта 142-ден 42 орынға дейін көтерілді.

Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан 2-Қазақстандық интернет апталығында айтылды.

"Біз Қазнеттің дамуына өз үлесін қосып жатқан компаниялардың біріміз. Біздің жұмысымыздың ең бірінші бағыты - контентті толықтыру. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің көмегімен қазақ тілді уикипедияны толықтырумен айналысамыз. Бұл бағытта белгілі бір нәтижеге қол жеткіздік. Қысқа уақыттың ішінде 80 мың мақала енгізілді. Қазақстан қазір уикипедия энциклопедиясында материалдар қоры жағынан әлемде 42 орынға көтерілді. Бұған дейін 125 орында болатын", - дейді "Қазконтент" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Владимир Тутыкин. Оның айтуынша, Қазконтент интернетке қосылғысы келген аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарымен де белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде аймақтық 40-қа жуық бұқаралық ақпарат құралдарына тегін таныстырылымдық сайттар жасап берген. Сондай-ақ электрондық коммерция жағында заң жобаларын жасауға да атсалысуда.