Қазақстан Үкіметі әрқашанда «Нұр Отан» ХДП қолдауын сезініп келеді ? Кәрім Мәсімов

АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Үкіметі әрқашанда, әсіресе бүгінгідей қиын күндерінде «Нұр Отан» ХДП қолдауын сезіп келді.

Бүгін «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІІ съезінде сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы бойынша дағдарыс кезеңінің өзінде 350 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылады. Өңірлерді аралаған Үкімет мүшелері, облыс пен аудан әкімдері Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан мұндай стратегияның айқын дұрыстығын қуаттап отыр. Сондай-ақ ел азаматтары Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, еңбекпен қамту және кадларды қайта даярлау бағдарламасы үшін үлкен алғысын айтуда. Бөлінген қаржы нәтижесінде мұғалімдер мен дәрігерлер жаңадан салынған, күрделі жөндеуден өткен мекемелерде жұмыс істей алады. Ауылда да, қалада да тұрғындар абаттандыру ісіне тартылып, өз жағдайларын түзейді, азаматтар жаңа мамандық игеруге мүмкіндік алуда. Үкімет әрқашан, әсіресе еліміздің осындай қиын күндерінде партиямыздың қолдауын сезіп келді. Бұндай қолдау тек Үкіметтік жобаларды мақұлдағаннан ғана емес, атқарушы билік әрекетін бақылап, әділ сын айтуда да көрініс тапты. Бұл бүгінгі күннің маңызды мәселесі», деді Үкімет басшысы К. Мәсімов.