Қазақстан Үкіметі елімізде дизелдік отын мен жанармайдың бағасын көтеру туралы ұсынысты қолдамады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкіметі елімізде дизелдік отын мен жанармайдың бағасын одан әрі көтеру туралы кәсіпкерлердің ұсынысын қолдамады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин айтты.

«Қазақстан мен Ресейдегі мұнай өнімдері бағасының арасында өте үлкен айырмашылық бар. АИ-92 бізде 128 теңге тұрса, Ресейде 160 теңге тұрады. Ал дизельдік отынның бір литрін бізде 115 теңгеге сатып алуға болса, Ресейде ол 172 теңге тұрады. Яғни, баға айырмашылығы өте үлкен. Осындай бағы айырмашылығын біле тұра Ресейден мұнай өнімдерін қымбатқа сатып алып, елімізге әкеп арзанға кім бергісі келеді. Сондықтан, жанармай тасымалдаумен айналысатын компианиялардың бағаны тағы да көтеру туралы ұсынысын ел Үкіметі қолдамады», - деп атап өтті ол.

Яғни, оның айтуынша елімізде жанармай мен дизельдік отынның бағасы жуық арада көтерілмейді және осы қалпында сақталып тұратын болады.