Қазақстан Үкіметі мазутқа кедендік баж салығын төмендетуді жоспарлауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкіметі мазутқа кедендік баж салығын төмендетуді жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник мәлім етті.

«Қазіргі кезде мазуттың әлемдік бағасы төмен болып отыр, яғни тоннасына 120 доллар. Нарыққа мазут көлемі шамадан артық шығарылды. ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе мазутқа кедендік баж салығын төмендетуді қарастырудамыз. Осындай шешім қабалданатын болады. Біздің мұнай өңдеуші өнеркәсібіміз тоқтамайды»,-деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, министрлік мұнайға әлемдік бағаның төмен болуына байланысты әрбір мұнай өндіруші кәсіпорынға қадағалау жүргізуде.

«Әрбір кәсіпорын ҚР Энергетика министрлігіне және Ұлттық экономика министрлігіне жүгініп, пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендету мүмкіндігі туралы есепті ұсына алады. Сонымен қатар жұмыс орындарын сақтау үшін біз ұсына алатын басқа да жеңілдіктерді талқылауға шығару мүмкіндігі бар. Біз ҰЭМ-мен бірге мұнай бағасына орай экспорттық-кедендік баж салығының межесін бекіту жайын қарастырудамыз. Бұл мәселе мұнай өндіретін компаниялармен бірлесе қарастырылуда»,-деді ол.