10:57, 26 Наурыз 2009
Қазақстан Үкіметінің іс-қимылын халық пен сарапшылардың басым бөлігі қолдап отыр - сауалнама қорытындысы
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Марат Манаспаев/ - Ресейлік Дағдарыстан кейінгі әлем институтының посткеңестік кеңістіктің үлкен үш мемлекеті – Ресей, Қазақстан және Украинада жүргізілген өз зерттеулерінің нәтижесін Мәскеуде таныстырғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын.
Зерттеу авторларының айтуынша, жүргізілген сараптамалық және әлеуметтік сауалнамалардың алғашқысына әлемнің 21 елінен 134 сарапшы атсалысты. Қазақстанда әлеуметтік сауалнама ағымдағы жылы ақпанның 21-23-і аралығында өткізіліп, оған 1500 респондент қатысты. Сарапшылар мен қарапайым адамдар берген жауаптарға тоқтала кетейік. Мысалы, «Қай ел үкіметінің дағдарысқа қарсы іс-әрекеті нәтижелі?» деген сауалға сарапшылардың 71 пайызы Ресейді атаған. Екінші орынға олар Қазақстанды қойып отыр - 63 пайыз. Сарапшылардың 78 пайызы ең сәтсіз деп Украина үкіметінің дағдарысқа қарсы іс-қимылдарын атаған. Сауалнамаға қатысқандардың 78 пайызы ол елде әлеуметтік жағдайдың ушығу ықтималдығын болжауда. Оған қоса, сарапшылардың 91 пайызы Украинада дағдарыстың ең өткір экономикалық және саяси салдарын болжап отыр. Сарапшылар қоғамының пікірінше, (сәйкесінше 60 және 65 пайыз), дағдарыстан Ресей мен Қазақстан тез шығады. Әлеуметтік сауалнаманың кейбір мәліметтеріне тоқталатын болсақ, «Экономикалық дағдарыс жағдайындағы үкіметтің іс-қимылын қолдайсыз ба?» деген сауалға қазақстандықтардың 66,3 пайызы «иә» деп жауап берген. Бұл - ең жоғары көрсеткіш, Ресейдегі көрсеткіш 40,7 пайызды, Украинада 13.3 пайызды көрсеткен. Қазақстандықтардың 9,2 пайызы үкіметтің іс-әрекетін мақұлдамайтынын айтса, Ресейде бұл көрсеткіш 21,5 пайызды құраған. Украинада бұл сауалға респонденттердің 74,3 пайызы жауап берген.