Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан және өз атынан шейхтің отбасы мен Қатар халқына қайғыра көңіл айтты. Онымен бірге елшілікке Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров та келді.
Көңіл айту кітабындағы жазбада Қатар мемлекетін әлемдегі аса қарқынды дамудағы мемлекеттің біріне айналдыруда шешуші рөл атқарған дана әрі көреген мемлекет қайраткері ретіндегі шейх Хамад бен Халифа әл Танидің қажырлы еңбегі Қазақстан халқының жадында да мәңгі сақталатыны атап өтілді. Сондай-ақ оның Қазақстан-Қатар қатынасының негізін қалап, екі ел арасындағы достық байланысты жан-жақты нығайтуға ықпал еткен қолдауы екіжақты ынтымақтастық тарихында елеулі із қалдырғаны ерекше атап өтілді.
Қазақстан мен Қатар арасында 2000 жылдан бастап, ҚР Үкіметі мен Катар мемлекеті үкіметі арасындағы келісімге сәйкес, Қазақстан-Қатар бірлескен комитеті жоғары деңгейде жұмыс істейді.
Ұлттық экономика министрлігі 2015 жылдан бері жұмыс органы ретінде Комитет қызметін оның 4-ші отырысынан бастап, қамтамасыз етеді. Қазақстан-Қатар комитетінің тең төрағасы — Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Айта кетелік Қатардың бұрынғы әмірі, ресми түрде «Әмір әке» атағын иеленген шейх Хамад бен Халифа Әл Тани 74 жасында дүниеден өткен еді. Қатарда бұрынғы әмірдің қазасына байланысты төрт күндік аза тұту жарияланды. Қазақстан Президенті Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесіп, көңіл айтты.