Қазақстан Үкіметі туризмді дамыту мәселелерін қарастырады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері туризмді өркендету шараларын талқылайды.

Коллаж: Kazinform

Отырыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Онда ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев, Kazakh Tourism Development бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев, KazakhTourism басқарма төрағасы Талғат Ғазизов қатысады.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның туризм саласы негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетті. Ел ішінде саяхаттаушылар саны да, шетелден келетін туристер ағыны да артты.

Атап айтқанда, орналастыру орындарында тоқтаған ішкі туристер саны 10,1 млн адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 1 млн-ға артты. Шетелдік қонақтардың да қызығушылығы өсіп келеді: қонақүй қызметін пайдаланған туристер саны 1,4 млн адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 132,3 мыңға көбейді.

Жалпы, 2025 жылы Қазақстанға түрлі туристік мақсатпен (жұмыс істеу немесе тұрақты тұру үшін келгендерді есептемегенде) 15,7 млн шетел азаматы келді. Оның ішінде 11,1 млн адам турист ретінде тіркелді. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда жоғары.

Саланың экономикалық тиімділігі де артып келеді. Орналастыру орындары, демалыс базалары мен қонақ үйлердің жалпы кірісі 350,6 млрд теңгені құрап, бір жылда 50,8 млрд теңгеге ұлғайды. Туристік инфрақұрылым кеңейіп, орналастыру нысандарының саны 4 482-ге жетті. Бір мезетте қабылдау мүмкіндігі 233 мыңнан астам төсек-орынды құрады.

Инвестициялық белсенділік те күшейді. 2025 жылы туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 32,6%-ға өсіп, 1 256,9 млрд теңгеге жетті (2024 жылы — 947,6 млрд теңге).

Еске салайық, наурыз айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Құжат туристік саланы дамытуға қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.