Қазақстан ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастыққа қатысты ұсыныстарын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кезекті отырысына қатысты.

Іс-шара барысында қауіпсіздік кеңестері хатшылары ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы жағдайға және оның Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатысты пікір алмасты.

— Ғ.Нұрдәулетов Қазақстанның ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастық мәселелеріне қатысты ұстанымдарын баяндап, Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысын жеткізді. Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік, есірткі айналымы, заңсыз көші-қон және халықаралық терроризм сын-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі практикалық шараларға айрықша назар аударылды, — делінген хабарламада.

ҰҚШҰ шеңберінде өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіруге және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы үйлестіруді нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.

Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кезекті отырысы Ресей Федерациясының ҰҚШҰ-ға төрағалық етуі ескеріле отырып, 2026 жылғы 10 қарашада Мәскеуде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында өтеді.

Бұған дейін Ерлан Қошанов ҰҚШҰ алаңында Қазақстанның жаңа Конституциясын таныстырғанын жаздық.