Қазақстан ҰҚШҰ-дағы серіктестерімен өзара іс-қимылды дамытуды мақсат етеді – Ерлан Қошанов

Фото: Т.Таныбаев

Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің бірлескен отырысы мен ҰҚШҰ ПА XVI пленарлық отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Іс-шараға Арменияны қоспағанда, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің заң шығарушы органдарының өкілдері қатысуда. Қазақстандық делегацияны ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов басқарады.

Ерлан Қошанов өз сөзінде бұл кездесу геосаяси жағдайдың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі жағдайында өтіп жатқанын атап өтті. Халықаралық қауымдастықтың күш-жігеріне қарамастан, Таяу Шығыстағы жағдай өте шиеленісті күйде қалып отыр және халықаралық қауіпсіздікке айтарлықтай әсер етуде.

- Қазақстан атысты дереу тоқтатуды және барлық тараптардың Палестина-Израиль қақтығысын бейбіт жолмен шешуді іздеуін жақтайды. Біз Таяу Шығыс дағдарысын реттеу тек БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бекіткен «екі халыққа екі мемлекет» формуласы негізінде жүзеге асырылуы керек екеніне сенімдіміз, - деді Ерлан Қошанов.

Ол Қазақстанның Палестина халқына 1 миллион доллар аударғанын, сондай-ақ гуманитарлық көмек жібергенін айтып өтті.

- Ауғанстандағы жағдай да біздің көз алдымызда. Біз ҰҚШҰ-дағы серіктестеріміздің дәстүрлі қауіп-қатерлердің салыстырмалы түрде жоғары деңгейіне қатысты алаңдаушылықтарын бөлісеміз, оның ішінде есірткінің заңсыз айналымы, қару-жарақтың, трансшекаралық қылмыс пен заңсыз көші-қонның өсуі және осы сын-қатерлермен бірлесіп күресуге дайынбыз. Жалпы, Қазақстан ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы әріптестермен өзара іс-қимылды жалғастыруды мақсат етіп отыр. ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы олардың мүдделерін ескере отырып, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын әзірлеуге және үйлестіруге елеулі үлес қосады деп есептейміз, - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Отырыс барысында заманауи сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрестің жаңа тәсілдерін әзірлеу және ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында құжаттар қабылданады.