Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек - Тоқаев

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Фото: Ақорда

- Аз зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырыптарды ғана зерделеу жеткіліксіз. Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді. Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз – өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес. Сонымен бірге бұл – түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, көне заманнан келе жатқан көшпенділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс.

- Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды. Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет. Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін жүйелеу керек, - деді Мемлекет басшысы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірін айтты.