Қазақстан ұлтаралық достық пен дінаралық татулық бойынша алдыңғы қатарлы елдердің бел ортасында - Б. Майлыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының ұлтаралық қатынастар мәселесі бойынша Жетекші журналистер мен сарапшылар клубының отырысы өтті.

Онда ҚХА қызметін насихаттау, Ассамблея жылын БАҚ-та жан-жақты көрсету, ұлтаралық татулықты нығайту жолындағы мәселелер талқыланды.

«Егер біз Мемлекет басшысы айтқандай, әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына кіру мақсатын алға қойсақ, онда ұлтаралық және конфессия аралық татулық бойынша біз әлдеқашан алдыңғы қатарлы елдердің құрамындамыз деп толық сеніммен айта аламыз. Бұл шараның да журналистер күні қарсаңында өтіп жатқаны жақсы нышан. ҚХА құрамындағы журналистік топ та өз жұмысын өте сауатты жүргізіп келеді», - деп атап өтті ҚР Президенті Әкімшілігінің төраға орынбасары Бағлан Майлыбаев. Отырыс барысында клуб мүшелері «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі» қоғамдық медалімен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марпатталды. Сонымен қатар, «Қазақстан - достық бесігі» атты фотокөрме ұйымдастырылды.