Қазақстан Ұлттық крипторезервке 700 млн долларға дейін инвестиция салады

Коллаж: Kazinform/Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр Қазақстанда Ұлттық стратегиялық крипторезерв құрылды. Оның жалпы көлемі 700 млн АҚШ долларына жетуі мүмкін. Бұл туралы Kazinform агенттігіне ҚР Ұлттық банкінен жауап берді.

— Крипторезерв Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің (350 млн долларға дейін), Ұлттық қор активтерінің (350 млн долларға дейін) бір бөлігін, сондай-ақ ҚР Үкіметінің шешімі бойынша басқа да мемлекеттік активтерді (мемлекет пайдасына тәркіленген криптоактивтерді қоса алғанда) инвестициялау арқылы қалыптастырылады. Крипторезервті қалыптастыруға бюджеттен қаражат бөлу жоспарда жоқ, - делінген ҰБ жауабында.

Крипторезервті ҚР ҰБ-ның Ұлттық инвестициялық корпорациясы басқарады, ал цифрлық активтерді есепке алу мен сақтауды «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ қамтамасыз етеді.

Крипторезервтің активтерін цифрлық активтерге, қаржы тетіктеріне, сондай-ақ цифрлық активтерді дамытатын компаниялардың акциялары мен үлестеріне инвестициялау жоспарланған.

Қазіргі кезде Ұлттық банк халықаралық тәжірибені ескере отырып, тиісті инфрақұрылымды дайындап жатыр және крипторезервтің қызметі мен басқару механизмін реттейтін құжаттарды қабылдау шаралары жүріп жатыр.

Крипторезервтерді басқару нәтижелері туралы жылдық есеп Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңеске ұсынылады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында Ұлттық Банктің базасында Мемлекеттік цифрлық активтер қорын (крипторезерв) құру жөнінде тапсырма берілген болатын.

Былтыр қыркүйек айында Ұлттық банк крипторезерв тұжырымдамасын әзірлеп жатқаны мәлім болды.