Қазақстан ұлттық экономикасының қуатты қоры бар - ММУ ректоры Виктор Садовничий

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік күрделі экономикалық жағдайда девальвация жүргізу Қазақстанның даму қарқынына сәйкес келеді. Бұл туралы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий РФ-дағы қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесу барысында айтты.

"Меніңше, бұл жерде алаңдайтындай ештеңе жоқ. Қазір күрделі үрдістер жүріп жатыр. Еуропаның жағдайын көріп отырсыздар, алдағы уақытта қалай болмақ? Көптеген еуропалық елдер материалдық тұрғыда ресейліктерге қарағанда, қиын жағдайда екені ешкімге құпия емес. Осының өзінен-ақ мәселені байыптауға болады", - деді ММУ ректоры. "Қазақстанның стратегиясы бар, экономистер жүргізілген девальвацияға баға беруі тиіс. Жалпы алғанда, тұтастай әлемдегі күрделі экономикалық жағдайда бұл экономикалық дамудың қалыпты үрдісі", - деді В. Садовничий. «Сіздің ел көптеген мәселелер бойынша, айтар болсақ, банктік жүйеде, корпорация құруда, қаржы басқаруда алғашқы батыл қадамдарға барды. Қазақстанның қуатты қоры бар екеніне сенімдімін», - деп сөзін аяқтады университет ректоры.