Қазақстан ұлттық футбол құрамасының жеке жаттығу базасы күзде пайдалануға беріледі
15:54, 04 Мамыр 2009
АЛМАТЫ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Биыл қазан айында Қазақстан ұлттық футбол құрамасының жеке жаттығу базасының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Бұл бүгін БАҚ өкілдері осы база құрылысымен танысу сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.2004 жылы іргетасын қалау жұмысына ФИФА президенті Иозеф Блаттердің өзі қатысып, сәттілік тілеген жаттығу базасының құрылысы былтыр басталған. Көлемі 3000 шаршы метрлік кешенде 40 орындық қонақүй, бильярд, сауна, теннис, массаж, ем бөлмесі мен үлкен жасанды футбол алаңы, спортшылардың киім ауыстыру бөлмелері бар.«Қазір жоспарланған құрылыстың 80 пайызы дайын. Қалған әрлеу жұмыстары бітсе, жаттығу базасы қазан айында толық пайдалануға беріледі» дейді құрылыстың бас мердігері «РБ» ЖШС директоры Болат Туғанбаев.«Жаттығу базасында футболшылар үшін барлық жағдай жасалады. Бұндай база Қазақстан құрамасында бұрын болған емес. Кешенде жаттығумен қатар, жарақаттан соң емделу жұмыстары да жүргізіледі. Осындай жаттығу базасы барлық облыстарда болмаса да 2-3 жерде болса, құрамада ойыншылардан тапшылық көрмесек едік. Алдағы уақыттарда біз аймақтарда осындай кешендердің бой көтеруіне күш саламыз. Бұл жерде құрылыс жұмыстары аяқталған соң Қазақстанның ұлттық құрамасы тұрақты түрде жаттығу өткізетін болады», дейді Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Анатолий Ионкин.Оның айтуынша, Алматы облысының Талғар қаласы маңында салынып жатқан бұл база әлемдік стандарттарға сай келетін орын болмақ.