Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының жұмысы жолға қойылды - К. Мәсімов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының (ҚҰГҚ) ІІ съезінің жабылуында сөз сөйледі, деп хабарлады primeminister.kz.

Өз сөзінде Үкімет басшысы географиялық қоғамның жұмысын қорытындылады және алда атқарылар міндеттерді жүктеді.

«Біз өткен жылы бұл жолды бірге бастадық, бүгін мен Қазақстанның ұлттық геогафиялық қоғамы жұмысының жолға қойылғандығын сеніммен айта аламын»,-деді К. Мәсімов.

Премьер-Министр Қазақстанның Халықаралық географиялық қоғамға мүшелікке өткендігі, Америкалық географиялық қауымдастықпен, Орыс географиялық қоғамымен, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) тығыз байланыс орнатылғандығы ҚҰГҚ-ның табыстарының бірі екендігін атап өтті.

«Географиялық қоғам Қазақстанның табиғи және экологиялық мұрасын сақтау бағытындағы аса маңызды жобаларды сәтті жүзеге асыра бастады»,-деп қосты ол. Үкімет басшысы ҚҰГҚ-ның басты міндеттерінің бірі - жоғалып бара жатқан жануарлар түрін сақтап қалу деп есептейді. «Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқыларын қайта түлетудің маңызды екендігін атап өткім келеді. Биологиялық тепе-теңдікті және алуантүрлілікті қолдау - географиялық қоғамның ел болашағы үшін қосқан үлесі болмақ»,-деді К. Мәсімов.

«Алғашқы табыстар экогеография жөніндегі аса маңызды да қажетті жұмыстарды жалғастыруда бізді қанаттандыруы тиіс»,-деп қорытты Премьер-Министр.