Қазақстан ұлттық театрларының ІІ республикалық фестивалі өтеді

Фото: None
АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - 20-25 мамыры аралығында Қарағанды қаласында Қазақстан ұлттық театрларының ІІ республикалық фестивалі өтеді. Аталған шара Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің ұйымдастыруымен жүзеге аспақ. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.

Шараның мақсаты - мәдени және тілдік алуантүрлілікті сақтау, этностар мәдениетінің өзара толысуы, елдегі этникаралық келісімді нығайту және Қазақстан халқының мәдениетін одан әрі дамыту. Фестивальдың ресми ашылуы 2013 жылдың 21-мамырына жоспарланған.

Осыған орай, Қарағанды қаласының тұрғындары мен қонақтары С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының, Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының, Республикалық неміс драма театрының, Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының, Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театрының және К.Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театрлары ұжымдарының орындауындағы қойылымдарды тамашалайды. Атап айтқанда, сахнада М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды қазақ классик жазушылары мен Р.Қоңырбаев, В.Красногоров, М.Ушуров, М.Изимов, Г.Шермухаммад сияқты қазіргі заман жазушы-авторларының туындыларымен жұртшылық таныса алады.