«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен Спорт және денешынықтыру істері агенттігі Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» РТРК мен Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері агенттігі арасында кеше, 1 шілдеде Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа «Қазақстан» РТРК атынан Басқарма Төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, Агенттік тарапынан ведомство төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов қол қойды. Меморандумға сәйкес, тараптар еліміздің спорттық өмірі жөнінде хабарлар тарату, спорт түрлері мен салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, телеарнаның телеөнімдерін арттыру бағытында ынтымақтастық байланыс орнатпақ.

Айта кеткен жөн, 2013 жылдың 1 шілдесінде «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының негізінде елімізде тәулігіне 21 сағат хабар тарататын тұңғыш «KAZsport» телеарнасы ашылған болатын. Арнайы мамандандырылған телеарна Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырысы бойынша құрылды. «KAZsport» - Еуропаның «Eurosport», «Спорт 1». «Спорт плюс» телеарналарымен тең дәрежеде хабар тарататын Орталық Азиядағы теңдесі жоқ спорттық телеарна.

Бір жыл ішінде «KAZsport» телеарнасының көрермендері тікелей эфирден спорт түрлерінен екі мыңға жуық трансляцияны тамашалады. Шетелдің барлық спорт шараларында телеарнаның түсірілім топтары жұмыс істеді.

12 ай ішінде «KAZsport» даңқты спортшылар, спорт түрлері бойынша командалар жайында 36 деректі фильм түсірді. «Сіз қайдасыз, чемпион?» циклы шеңберінде 87 бағдарлама дайындалып, эфирге берілді. Мұның барлығы күн сайын эфирге шығатын жаңалықтар мен арнайы репортаждармен толығып отырды.

Сонымен қатар, «KAZsport» әлемдік тәжірибені де енгізуде. Алғаш рет отандық теледидар тарихында «KAZsport» телеарнасының комментаторлары оқиға орнынан - Бразилиядағы футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқан стадиондардан тікелей репортаждар жүргізуде.

Биылғы телемаусымда телеарна ағылшынның Премьер-Лигасын, жазғы Азия ойындарын, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарын, Алматыда өтетін ауыр атлетикадан әлем чемпионатын және тағы да басқа спорт шараларын көрсетуді жоспарлап отыр.

«KAZsport» телеарнасының туған күніне орай бірнеше ірі жоба әзірленді. Соның біреуі - аты аңызға айналған гимнасшы, олимпиада ойындарының бес дүркін чемпионы туралы түсірілген «Біздің Киманелли» деректі фильмі. «KAZsport» телеарнасы отандық теледидар тарихында алғаш рет атақты чемпион туралы өмірбаяндық фильм түсірді.