Қазақстан ұн экспорттаудан 4 жыл қатарынан бірінші орында келеді - Ауыл шаруашылығы министрі

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан ұн экспорттаудан 4 жыл қатарынан бірінші орында келеді. Бұл туралы бүгін селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.

Министрдің атап өтуінше, ағымдағы жылдың басынан қазіргі кезге дейінгі аралықтағы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 1,3 трлн. теңгені құраған. Бұл ретте құрғақшылық салдарынан өндіріс көлемінің қысқаруына байланысты өсімдік шаруашылығынан алынатын өнімдер 22 пайызға төмендеген. Ал мал шаруашылығы өнімдері 3 пайызға артқан.

Ағымдағы жылы облыс әкімдерінің алдын ала деректері бойынша, астықтың жалпы жиналымы бункерлік салмақпен 13,9 млн. тонна болғандығын атап өткен А.Күрішбаев: «Орташа өнімділік 1 гектардан 9 центнер болды. Бұл өткен жылғы деңгейден 4,9 центнерге аз. Сонымен бірге жыл басынан бері 8,2 млн. тонна астық экспортқа жөнелтілді. Бұл өткен жылғы деңгейден 34,5 пайызға жуық артық. Осылайша, астық экспортының жалпы көлемінде шамамен 38 пайызды құрайтын ұн экспорты бойынша төртінші жыл мемлекетіміз әлемде бірінші орында келеді», - деді.