Қазақстан ұнын Таяу Шығыс пен Африка елдеріне шығару мәселесі пысықталып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ұнын Таяу Шығыс пен Африка елдерінің нарықтарына шығару мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауабында айтылған.
— Бүгінгі таңда қазақстандық ұнның негізгі өткізу нарықтары — Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Ресей. Аталған бағыттар бойынша жыл сайын шамамен 2 млн тонна ұн экспортталады. 2024 жылы Қытайға мал азықтық ұн экспорты 5,8 есе өсіп, 1,2 млн тоннаны құрады. Сонымен қатар, Таяу Шығыс пен Африка елдерінің нарықтарына шығу мәселесі пысықталуда. Осы тұрғыда Иранға, Таяу Шығыс елдеріне (БАӘ, Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман және т. б.), Грузияға және одан әрі Еуропаға жөнелтіле отырып, Транскаспий халықаралық көлік маршруты (бұдан әрі — ТХКМ) белсенді қолданылуда, — деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, Қазақстанның ТХКМ учаскесінде Digital Trade Corridor мультимодальды цифрлық платформасы жұмыс істейді. 2024 жылы Әзербайжан және Грузия темір жолдарының IT-жүйелерімен интеграция аяқталды. Түркия темір жолдарымен интеграциялау жалғасып жатыр.
— Бұл маршрут бойынша жүктің жеткізілу мерзімін 25 күннен 13 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 2027 жылға дейін дәліздің өткізу қабілетін жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, — деді Серік Жұманғарин.
Бұған дейін вице-премьер астық экспортының жаңа нарықтары туралы мәлімет берген еді.