Қазақстан UNTCC елдері басшыларының Жаңа Делидегі Конклавына қатысады
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 14-16 қазан аралығында Үндістан астанасында Біріккен Ұлттар Ұйымына әскер жіберетін елдер (UNTCC) басшыларының Конклавы өтеді, деп хабарлайды Қазақстандағы Үндістан елшілігі.
Іс-шараға БҰҰ бітімгершілік миссияларына елеулі үлес қосқан 32 мемлекеттің жоғары әскери өкілдері қатысады.
Конклавтың негізгі мақсаты — жаһандық қауіпсіздік жағдайында өзара әріптестікті нығайту, бейбітшілікті сақтаудың тиімді әрі инклюзивті тәсілдерін талқылау. Бағдарлама аясында пленарлық сессиялар, тақырыптық отырыстар, панельдік пікірталастар және екіжақты кездесулер жоспарланған.
Іс-шарада технологиялық инновациялар, бейбітшілікті сақтау қызметкерлерінің қауіпсіздігі, сондай-ақ қақтығыс аймақтарындағы халықтың әл-ауқатын арттыру жолдары талқыланады. Сонымен қатар, бітімгершілік қызметтің адами және отбасылық қырларын ашатын арнайы бағдарламалар да ұйымдастырылады.
Бұл Конклав Үндістанның көпжақтылыққа, бейбітшілік пен ынтымақтастыққа негізделген ұстанымын айқындай отырып, БҰҰ миссияларында жаңа кезеңге жол ашады.
Қатысушы елдер қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Бангладеш, Франция, Бразилия, Кения және тағы басқа мемлекеттер бар.
Бұдан бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бітімгер рөлін жалғастыратынын айтқан еді.