Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, іс-шара Астанадағы № 10 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккей спорт мектебінде өтті. Акцияға мектеп оқушылары, жаттықтырушылар және Eco Athlete жобасының амбассадоры, хоккейден Қазақстан құрамасының қорғаушысы Әділ Бекетаев қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы — спорттағы экологиялық жауапкершілік, сондай-ақ, спорттық жабдықтарды қайта пайдалану мен қайта өңдеудің маңызы болды. Қатысушыларға тоқыма қалдықтарының қоршаған ортаға тигізетін әсері түсіндіріліп, спорттық киімдер мен құралдарды екінші рет қолдану табиғатқа түсетін салмақты азайтуға көмектесетіні айтылды.
Танымдық бөлім барысында оқушылар арнайы экологиялық викторинаға қатысты. Сұрақтар материалдарды қайта өңдеу, мұз ареналарында суды тиімді пайдалану және хоккей жабдықтарын кәдеге жарату тақырыптарын қамтыды. Белсенділік танытқан қатысушыларға ҚР ҰОК атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Шара барысында LS Astana қайта өңдеу зауыты директорының орынбасары Гүляйхан Төлеубаева сөз сөйлеп, Қазақстандағы қалдықтарды қайта өңдеу жүйесі мен материалдарды қайта қолдану тәжірибесі туралы айтты. Сондай-ақ қазіргі таңда заттарға екінші өмір сыйлаудың маңызына тоқталды.
Eco-Talk алаңында Әділ Бекетаев өзінің экологиялық әдеттерімен бөлісіп, спортшылардың қоршаған ортаны қорғауға қалай үлес қоса алатынын әңгімеледі.
Іс-шараның тәжірибелік бөлігі жас дизайнер Айылажар Қайырғазының жетекшілігімен өткен Custom Hockey Style шеберлік сабағы форматында ұйымдастырылды. Оқушылар бұрын қолданылмай қалған ескі ойын жейделері мен хоккей таяқшаларын жаңартып, спорттық бұйымдарға жаңа өмір сыйлады. Экологиялық бояулар, трафареттер және Eco Athlete жобасының символикасы арқылы қатысушылар өздерінің ерекше дизайндарын жасады.
Сонымен қатар Әділ Бекетаев безендірген арнайы жейде де таныстырылды. Кейін бұл спорттық форма қайырымдылық мақсатында табысталмақ.
— Бүгінде спорт тек жетістікке жетудің алаңы ғана емес, қоғамдағы маңызды құндылықтарды насихаттайтын құралға айналып келеді. Eco Athlete жобасы арқылы біз экологиялық жауапкершіліктің спортшылар мен жас буын өмірінің табиғи бөлігіне айнала алатынын көрсеткіміз келеді, — деп атап өтті Қазақстан ҰОК өкілдері.
Айта кетейік, Eco Athlete жобасы спорт, білім және тәжірибелік іс-шаралар арқылы экологиялық мәдениетті дамытуға және тұрақты экологиялық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
Бастама Қазақстан ҰОК тарапынан Халықаралық Олимпиадалық комитет пен Азия Олимпиада кеңесінің қолдауымен Олимпиадалық күн тәртібі 2020 5 бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Бұған дейін Қазақстан ҰОК Атқарушы комитетінің жаңа құрамы бекітілгенін жаздық.