Қазақстан ҰОК президенті Регби федерациясының басшысымен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Qazaqstan Rugby Қазақстан спорт федерациялары қауымдастығының басшысы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Бұл туралы ҰОК хабарлады.
Геннадий Головкин Қанат Шарлапаевты ұйым президенті ретінде сайлануымен құттықтады.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанда олимпиадалық регби-7 спорт түрін дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе, ұлттық құраманың 2026 жылы өтетін Азия ойындарына және 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындығы, сондай-ақ шетелдік ұйымдармен халықаралық байланысты кеңейту және тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қанат Шарлапаев командалық спорт түрлерін дамытудың маңыздылығын және Қазақстанда олимпиадалық қозғалысты ілгерілету бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
– Мен қазіргі жағдайды мұқият зерттедім және Қазақстан құрамасының Азия құрлығындағы көшбасшылардың қатарына оралуы үшін нақты шешім жолдарын белгілеп қойдым, - деді Qazaqstan Rugby президенті.
Головкин сөз кезегінде халықаралық және өңірлік федерациялармен ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, бұған дейін Qazaqstan Rugby бас хатшысы Айгүл Жартыбаева Asia Rugby Атқарушы комитетінің құрамына енгенін тілге тиек етті.
– Халықаралық спорт федерацияларымен жұмыс тәжірибе алмасуға, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және Қазақстанның жаһандық спорт қауымдастығындағы имиджін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сіздердің алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - деді Қазақстан ҰОК басшысы.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға және оны одан әрі кеңейтуге қызығушылығын білдірді.