Қазақстан уранын Финляндия атом стансаларына жеткізу мүмкіндігі талқыланады

Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан уранын Финляндия атом стансаларына жеткізу мүмкіндігі туралы айтты.

– Финляндия атом энергиясын бейбіт пайдалану тұрғысында шын мәнінде әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Ол – ядролық технологияларды үздік пайдаланушылардың бірі, ғылыми-техникалық зерттеулер бойынша көшбасшы. Және де Финляндияның реттеушілік базасы эталон саналады. Мұны МАГАТЭ де атап өтеді, - деді агенттік басшысы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Оның атап өтуінше, Финляндия президенті Александр Стуббтың елімізге ресми сапары аясында Қазақстан мен Финляндия арасында тиісті келісімге қол қойып, еліміз фин тәжірбиесін зерделейді. 

– Фин заңнамасы – уранды өндіру, уран қондырғыларын басқару, пайдалану мәселесін ең қатаң реттеушілердің бірі. Бұл тәжірибенің қызықты екені сөзсіз. Біз мағлұмат алмасуға, Қазақстан стандарттары алдыңғы қатарлы елдердегі соңғы әзірлемелерге сай келуі үшін заңамаға бірлесіп тексеру жүргізуге уағдаластық, - деді Алмасадам Сәтқалиев. 

Сонымен қатар ол Қазақстан уранын Финляндия атом стансаларына жеткізу мүмкіндігі талқыланатынын айтты.

– Қазақстан барлық уақытта да халықаралық нарығын ұлғайтуға мүдделі. Сондықтан серіктестерімізге Қазақстан уранын сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Бұған дейін де ұсынған едік. Олар жоғары қызығушылық танытып отыр. Бұл сапар мұндай жеткізілім мүмкіндігі мен көлеміне қатысты іс жүзінде келіссөз жүргізуге тамаша мүмкіндік саналады, - деді Алмасадам Сәтқалиев.