Қазақстан ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуде Франция тәжірибесін қолданбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Авиация комитетінің өкілдері ұшақтарға техникалық қызметтер көрсету саласында енгізілгелі отырған өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз қолданғалы отырған британиялық үлгі көрсетілетін барлық қызметтерді ақылы етуді қарастырады. Ол елде аталмыш саланың дамығаны соншалықты, компаниялар UK CAA International Ltd корпорациясына ақы төлеуде еш қиналмайды. Ал бізде мұндай тәсіл компанияларға біршама салмақ түсіреді, әсіресе шағын авиацияға»,-деді Азаматық авиация комитетінің баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісі жолдаған сауалға жауапта.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, британиялық үлгінің айырмашылығы сонда, оларда әуе компаниялары мен әуе кемелерінің техникалық жағдайын бақылау мен қадағалауды UK CAA International Ltd арнайы мемлекеттік корпорациясы коммерциялық негізде жүзеге асырады. Өкінішке қарай, алдында атап өткен себептерге байланысты мұндай жүйені Қазақстанда енгізуге әлі ерте. Сондықтан Азаматтық авиация комитеті Франция мен Жаңа Зеландияда қолданылатын қаржыландыруды жүзеге асырудың өзге әдісін қолдануды жоспарлап отыр.

«Ол аэронавигациялық жинақтан навигациялық қадағалау мен елдің әуе кеңістігі арқылы қозғалысты басқаруды жүзеге асырумен байланысты. Яғни төлемдердің бір бөлігі ұшырылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады және бұл әдіс ИКАО мен халықаралық тәжірибеге толықтай сәйкес келеді. Қазақстанның Еуропа мен Оңтүстік Азияның ортасында орналасуы үлкен басымдық және ол біз сөз етіп отырған әдісті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Біздің тарифтер тартымды, еуропалық тарифтерден арзан, орташа алғанда километріне 70-90 цент»,-деп түсіндірді комитет өкілдері.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, бұл ретте қозғалыстың жиілігі қауіпсіздік есебінен қамтамасыз етіледі. Яғни қайсыбір елдің әуе кеңістігінің қауіпсіздік деңгейі неғұрлым жоғары болса, ол елдің аумағымен ұшып өту де соғұрлым тартымды және аэронавигациялық жинақтардың құны да қымбат болады.