Қазақстан үшін жер сілкінісінен сақтандыруда қай елдің тәжірибесі қолайлы
АСТАНА. KAZINFORM — Дүлей зілзалалардан сақтандыруда Қазақстан үшін Түркия тәжірибесі қолайлы. Бұл жайында «ҚР Ұлттық банкінің экономикалық шолуы» басылымында айтылған.
— Отандық сақтандыру шарттарын ескере отырып, біз келесі себептер бойынша Түркияның тәжірибесін Қазақстан үшін ең қолайлы деп санаймыз. Түркия мен Қазақстанның географиялық ерекшеліктері ұқсас-кейбір өңір сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақтарда орналасқан. Түркияда міндетті сақтандыру жеке үйлерді ғана емес, сонымен қатар көппәтерлі ғимараттарды да қамтиды. Бұл урбанизацияның отандық деңгейін және ірі қалалардың дамуын ескере отырып, Қазақстан үшін де қолайлы болады. Түркияда міндетті сақтандыруды дамытуда шешуші рөл мемлекетке тиесілі модель Қазақстанның сақтандыру нарығын дамыту деңгейі үшін қолайлы болып табылады, — делінген басылымда.
Жарияланым мәліметіне сәйкес, Түркиядағы табиғи апаттардан міндетті сақтандыру тетігі мемлекеттік-жекешелік әріптестікке негізделген. Жеке сақтандыру компаниялары қордың агенттері бола отырып, өз қалауы бойынша ынтымақтасады, міндетті сақтандыруды насихаттайды және оған қосымша өнімдер ұсынады. Сақтандыру компаниялары сақтандыру нарығының толыққанды қатысушылары болып табылатын тәуелсіз қаржы ұйымдары ретінде өз қызметін жалғастырады.
— Табиғи апаттардан міндетті сақтандыруды енгізу процесінде өнімнің маркетингтік компонентіне мұқият назар аудару қажет. Басқаша айтқанда, бұл сақтандыруды сатып алуды азаматтың саналы түрдегі әлеуметтік жауапты іс-әрекеті және әрбір азаматтың өңірге және мәртебеге қарамастан елдің жалпы қауіпсіздігіне міндетті үлесі ретінде қарау керек. Түркияның тәжірибесі ерекше, мұнда жоғарыда аталған қор бастауыш сынып оқушыларының жер сілкінісі және олардан міндетті сақтандыру туралы хабардарлығын арттыру үшін Ұлттық білім министрлігімен ынтымақтасады. Сонымен қатар міндетті сақтандыруды енгізу кезінде цифрлық технологияларды белсенді пайдалану қажет. Мәселен, Түркиядағы ақпараттық технологиялар сақтандыру полистерін ұсынуды, сыйлықақыларды резервтеуді, залал туралы ақпаратқа қол жеткізуді, шағымдар мен төлемдер туралы есептілікті онлайн режимінде басқаруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сақтандыруды рәсімдеу және оны төлеу процесі барынша жеңілдетіліп, салық төлемдері немесе коммуналдық төлемдерді төлеу сияқты барлығына қол жетімді болуы керек, — деді басылым авторлары.
Экономикалық шолуда табиғи апаттың ықтималдығы немесе жергілікті халықтың табыс деңгейі сияқты өңірлік және табиғи-географиялық ерекшеліктер әділ және біркелкі жүктеме пайдасына сақтандыру сыйлықақысын есептеу кезінде ескерілуі керектігі айтылады.
— Сыйлықақының бастапқы мөлшері минималды болуы керек. Халық жаңа міндеттемеге үйренуі және ең бастысы оның не үшін қажет екенін түсінуі қажет. Алматы сияқты тәуекелі жоғары өңірлерде орналасқан белгілі бір облыстар мен қалалардың болуына қарамастан, Қазақстанның барлық өңірі дерлік теріс салдарға әкеп соқтыратын қандай да бір табиғи ықпалға ұшырайды. Осыған байланысты, апаттың орын алуы тәуекеліне, халықтың табысына және басқа факторларға байланысты төленетін сақтандыру сыйлықақыларына өлшемді «кесте» қолданылуы тиіс. Отандық нарықта міндетті сақтандырумен барынша қамту дамыған дистрибьюторлық желі (сақтандыру компаниялары, банк және пошта бөлімшелері және т. б.), қызметтерді цифрландыру, өнім құнының қол жетімді және әділ болуы және ақпараттық таныстыру арқылы қол жеткізуге болады. Халықаралық тәжірибе табиғи апаттар қаупін тиімді өтеу үшін мемлекет пен жеке сектор арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді. Қайта сақтандыру, маркетингтік саясат, жол картасын құру және төтенше жағдайларды жоюдың тиімді жүйелері сәтті сақтандырудың негізгі элементтері болып табылады. Қазақстанда халықтың қауіпсіздігі мен экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін сақтандыру нарығын дамытуды жалғастыру және апат тәуекелдерін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу қажет, — деді шолу авторлары.
Осыдан бір жыл бұрын құрылған Алматы сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Сүлейменов Kazinform тілшісіне қаладағы сейсмикалық қауіпсіздік шаралары жайлы әңгімелеп берді.