АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатының екі жолдамасын жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл қос жолдамаға қазақстандықтар Қатарда Азияның іріктеу турнирінде ие болды.
Қазақстандық үстел теннисі шеберлері Қытай, Жапония, Корея, Иран, Үндістан және Сингапур елдерінің спорт жұлдыздарымен бақ сынасты.
Оңтүстік Африкада өтетін әлем чемпионатына іріктеу жарысында Кирилл Герасименко – Алан Құрманғалиев және Айдос Кенжеғұлов – Зәуреш Ақашева жұптары жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Шешуші кездесуде Герасименко мен Құрманғалиев ирандықтар Нима мен Ношад Аламиянды (4:0), Кенжеғұлов пен Ақашева үндістандықтар Шарат Ачанта – Среах Акуланы (4:3) тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын үстел теннисінен қазақстандықтың алғаш рет әлем чемпионатында алтын алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қысқы универсиадада Қазақстан намысын 78 спортшы қорғайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).