«Қазақстан» ҰТА «Жан жылуы» бағдарламасының қайырымдылық концерті өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 наурыз күні сағат 19.00-де Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының ұйымдастыруымен «Жан жылуы» бағдарламасының эфирге шыққанына 5 жыл толуына орай қайырымдылық концерті өтеді.

Бұл туралы телеарнаның баспасөз қызметінен хабарлайды.

Айта кетейік, «Жан жылуы» бағдарламасының көмегімен жетімдер үйінен 20 бала жаңа отбасын тапса, 13 бала шет елде ем алып, баспанасыз 8 отбасы жаңа үйдің кілтіне ие болды.

Ұлыстың ұлы күні, наурыз - адамдарды татуластыратын, қайырымдылық жасайтын, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беретін ұлық мереке. Осы мейрам қарсаңында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы «Жан жылуы» бағдарламасының 5 жылдық жұмысын қорытындылап, қайырымдылық концертін өткізуді қолға алып отыр.

Концертке аталмыш бағдарламаның арқасында өміріне үлкен өзгерістер енген кейіпкерлер қатысып, олардың күрделі тағдырынан сыр шертетін бейнекөріністер көрсетіледі.

Қонақ ретінде белгілі қоғам қайраткерлері, депутаттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қол ұшын созған демеушілер, БАҚ өкілдері, сондай-ақ өнер жұлдыздары келеді. Кеш соңында тағы бір көмекке мұқтаж бүлдіршінге қайырымдылық көмегі көрсетілмек.