Қазақстан ВЭФ-тің «Электр жеткізу сапасы» бәсекелестіктің ғаламдық индексінде бірден 20 сатыға көтерілуді жоспарлауда

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан 2011 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның (ВЭФ) «Электр жеткізу сапасы» бәсекелестіктің ғаламдық индексінде 20 сатыға жоғары көтерілуді жоспарлауда.

Бүгін ҚР Индустрия және жаңа технологиялық министрлігінде «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы өкілдерінің және ведомство комитеттерінің қатысуымен аталған индекске қол жеткізудің әдістері талқыланды.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Электр энергетикасын және көмір өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Жақып Бөкенбаевтің айтуынша, ВЭФ-тің аталған индексі бойынша Қазақстан 2010 жылы 4,1 балл көрсеткішпен 84 орынды иеленген болатын. «Осы жылы біз 65 орынға көтерілуді жоспарлаудамыз»,-деді ол.

Бұл - елдегі бизнес-климатты жақсартуға, халықаралық және отандық инвестициялық көздер үшін энергетикалық саланың тартымдылығын арттыруға, сонымен қатар мемлекет пен кәсіпкерлердің электр энергияның сапасыздығынан туындайтын шығындарын қысқартуға біршама ықпал етеді.

Ол үшін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының және Индустрияландыру қартасы негізінде елдегі электр стансаларының жабдықтарын жетілдіру және қалпына келтіру, Мойнақ ГЭС, «Ақшабұлақ» ГТЭС, Балқаш ЖЭС сынды жаңа генерациялаушы қуаттарды енгізу, электр желілік құрылыстарды салу жұмыстарын жүргізуді межелеп отыр.

Сонымен қатар халықаралық рейтингтегі көрсеткіштердің жақсарту мақсатында техникалық шарттарды беру мерзімдерін қысқарту, сұратылатын құжаттардың санын және электрмен жабдықтау жүйесін қосылуға техникалық шарттарды беру рәсімдердің тізімін азайтуды көздейтін қадамдар жасалмақ.