Оның айтуынша, 2023 жылы визасыз елдер тізімі түрлі санаттағы паспорттар бойынша 82 мемлекетке дейін кеңейтілді, соның ішінде 29 мемлекет ұлттық паспорттар бойынша кеңейтілді.
Паспорттардың түрлі санаттары бойынша 3 жаңа елмен өзара визасыз режим туралы келісімдер жасалды, олар: Бангладеш (дипломатиялық және қызметтік паспорттар бойынша), Сейшел Аралдары және Сан-Марино (паспорттардың барлық түрлері бойынша).
«Сонымен қатар биыл Қытай және Вьетнаммен ұлттық паспорт иелеріне визалық талаптардан босату туралы келісімдерге қол қойылды. Өздеріңіз білетіндей, ҚХР-мен визасыз режим күшіне енді. Вьетнаммен визасыз режим жақын арада тараптар барлық қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтаған соң басталады», - деп түсіндірді А. Смадияров.
Сондай-ақ қазақстандық азаматтар үшін Еуропа одағымен визалық режимін жеңілдету мәселелері бойынша ресми консультацияларды бастау туралы уағдаластыққа қол жетті.
ҚР азаматтары үшін еуропалық виза режимін жеңілдетудің бірінші кезеңдері ретінде: визалық алымды төмендету; өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту; көпмәртелі визалардың қолданылу мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұған дейін Айбек Смадияров Түркиядағы табиғи апаттар мен Таяу Шығыстағы әскери-саяси қақтығыстың шиеленісуінен 400-ден астам қазақстандық отбасы мүшелерімен эвакуацияланғанын айтқан еді.