Sport.kz ақпараттық порталы хабарлағандай, Қазақстанның волейболшылары алғашқы кездесуде Бахрейн командасын 3:0 (25:17, 27:25, 25:11) есебімен жеңіп, алғашқы ойындарын сәтті бастады. Бірақ екінші командамыз Қытайдан тура осындай есеппен ұтылып қалды. Таиланд та Тунис құрамасын 3:0 есебімен қапы қалдырды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Кубогы үшін ерлер арасындағы XIX Халықаралық волейбол турниріне Тунис, Қытай, Таиланд және Бахрейн мемлекеттерінің ұлттық құрамалары қатысып жатыр. Қазақстан бұл жарысқа екі команда қосып отыр. Қыркүйектің 3-іне дейін жалғасатын турнирдің жеңімпазы бір айналымда анықталмақ.