Қазақстан WSB деңгейіндегі жекпе-жектерді өткізе алады
14:35, 28 Қаңтар 2010
АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Қытайдың Сямень қаласында АІВА-ның (Халықаралық әуесқой бокс федерациясы) кеңейтілген алқа мәжілісі болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда 2009 жылдың қорытындысы шығарылып, ағымдағы жылдың жұмыс жоспары бекітілді. Сонымен қатар WSB (Дүниежүзілік бокс сериясы) жекпе-жектерін Азия аймағында өткізуге байланысты келісімдерге қол қойылып, оны Халықаралық әуесқой бокс федерациясының президенті Чин Ко Ву бекітті. Қазақстан тарапынан бұл келісімге Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті Жанболат Жәкиұлы Сәрсенов қол қойды. Қазақстан, Қытай, Үндістан және Әзірбайжан мемлекеттері қатысатын азиялық алғашқы жекпе-жектер қараша айынан бастап өткізіле бастайды. Бұл жекпе-жекте жеңіске жеткен былғары қолғап шеберлері қомақты қаржыға ие болмақ.