Қазақстан ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыруға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан делегациясы ҚР Ұлттық ядролық орталығының ,ас директоры Ерлан Батырбековтің төрағалығымен өтіп жатқан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) «Б» Жұмыс тобының 66-сессиясына қатысып жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Фото: ҚР СІМ

ҚР Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді халықаралық қауіпсіздік архитектурасындағы қазіргі сын-қатерлер мемлекеттердің жедел ұжымдық әрекетін және өзара сенімді қалпына келтіруді талап ететінін атап өтті.

Осыған байланысты ол сессия қатысушыларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында айтқан ядролық державалар арасында жоғары деңгейдегі диалогты қайта жандандыру жөніндегі бастамасын еске салды. Бұл бастама ядролық қаруды қолдану қаупін едәуір төмендетуге, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) режимдерін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан мұндай келіссөздерді өткізу үшін өз алаңын ұсынуға дайын екенін білдірді.

Фото: ҚР СІМ

Онымен қоса, Елші Қазақстан мен халықаралық қауымдастық биылғы жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуын атап өтетінін, бұл оқиға ЯСЖТШ-ға қол қойылғанының 30 жылдығымен тұспа-тұс келетінін ерекше атап өтті. Полигонның жабылуы ядролық сынақтарға жаһандық мораторийдің қалыптасуына ықпал еткен және түптеп келгенде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт бойынша келіссөздердің басталуына әрі оның қабылдануына жол ашқан маңызды тарихи кезең болды.

Осыған байланысты Қазақстан өзінің халықаралық міндеттемелерін әрі қарай да қатаң ұстанатынын және өз аумағында орналасқан Халықаралық мониторинг жүйесінің бес станциясынан нақты уақыт режимінде деректер ұсыну арқылы ЯСЖТШҰ-ның верификациялық режиміне үлес қосуды жалғастыратынын растады.

ЯСЖТШҰ-ның «Б» Жұмыс тобының 66-сессиясы 2026 жылғы 19 наурызға дейін жалғасады. Сессия қорытындысы бойынша Шартқа қол қойған мемлекеттер отырыстың қорытынды есебін қарап, қабылдайды.

Айта кетейік, Павлодарда бұрынғы ядролық сынақ полигоны запастағы жер қорына енеді.

5 ақпанда стратегиялық қаруларды шектеу жөніндегі СНВ-3 келісімінің мерзімі аяқталуы маңызды әскери межені ғана емес, сонымен қатар жаһандық қаруды бақылау жүйесіндегі тұтас бір дәуірдің түйінделгенін аңғартады. Әлем стратегиялық айқынсыздық кезеңіне аяқ басты. Мұның халықаралық қауіпсіздікке қандай қауіп-қатер төндіретіні жайында Kazinform агенттігі халықаралық шолушысының материалында кеңінен қамтылған.