Қазақстан ядролық қарудан ада әлемді қолдаушы ел болып қала береді - ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі

None
БЕЙЖІҢ-АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат - Қазақстан ядролық қарудан ада әлемді қолдаушы ел болып табылады және солай болып қала береді.

Бұл туралы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясында сөйлеген сөзінде мәлім етті.

«Ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан мемлекет ретінде, біз қару-жарақ таратпау қағидасын берік ұстанамыз. Бүгінде бүкіл Орталық Азия ядролық қару-жарақтан ада аумақ ретінде жарияланып отыр», деп атап көрсетті Қ.Саудабаев өз сөзінде.

Министр сондай-ақ қандай жағдайда болмасын ядролық қаруды бірінші болып қолданбау және оны ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге қарсы пайдаланбау жөніндегі Қытай үкіметінің берік ұстанымын Қазақстанның қолдайтынын жеткізді.

«Қазақстанның Мемлекет басшысы Ядролық қаруды жаппай таратпау туралы жаңа әмбебап келісімшарт жасауды ұсынып отыр. Бұл бастаманың мақсаты - Ядролық қару-жарақты таратпау туралы келісімшартты нығайту, оның тиімділігін арттыру», дейді Қ.Саудабаев.

Министрдің айтуынша, МАГАТЭ-нің халықаралық ядролық отын банкін өз аумағында орналастыруға Қазақстанның әзірлігі аталмыш саладағы тағы бір маңызды бастама болып табылады. Қ.Саудабаев сонымен бірге, 2009 жылы желтоқсанның 2-сінде БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы отырысында тамыздың 29-ын - Ядролық сынақтарға қарсы шаралардың халықаралық күні ретінде жариялайтын қарардың мақұлданғанын еске салып өтті.