Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру үдерісінде аса батыл қадамдар жасап келеді - Икрам Адырбеков
Осыдан 25 жыл бұрын әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын түбегейлі жабуы Мемлекет басшысының тарихи шешімдерінің бірі екеніне тоқталған сенатор: «Тарихшылардың сөзімен айтатын болсақ, бұл шешім Қазақстан үшін түпкілікті егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасаған аса батыл қадам болды. Ядролық радиация өңірдің жерін, өзендері мен көлдерін улап, айналасындағы барша тіршілікті біртіндеп жойды. Сынақ аймағындағы 1,5 миллионға жуық тұрғындардың тағдырына үлкен зиян келтірді, көпшілігінің денсаулықтарын бұзды. Осы полигонның зардабын әлі күнге дейін сезудеміз. Жалпы, Семей полигонының жабылуы мен ядролық қаруды таратпау және қарусызданудың әлемдік үдерісінің жаңа тарихи кезеңі басталды. Осы ретте ел Президентінің шешімімен Қазақстан ядролық қарудың әлемдегі төртінші арсеналынан өз еркімен бас тартты. Осы жөнінде біз ерекше атап өтуіміз керек. Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан бас тартқан бірінші ел болды»,-деді.
Депутат өз сөзінде «Әлем. 21 ғасыр» манифесі халықаралық қоғамда қызу талқыланып, қолдауға ие болғанын еске салып өтті.
«Мемлекет басшысы Семей полигонын жабу туралы шешімінен бастап 25 жыл бойы ядролық сынақты түбегейлі тоқтату, ядролық қаруды қысқарту және оны таратпау туралы халықаралық қоғамда тұрақты мәселе көтеріп, талап қойып келеді. Соның нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі халықаралық қозғалысының көшбасшысына айналды»,-деді И. Адырбеков.