Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
«21 қыркүйекте БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде халықаралық Бейбітшілік күнін мерекелеу аясында мәдениет, бейбітшілік пен күш көрсетпеушілік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейлі пікірсайыстар болып өтеді. Аталған ауқымды іс-шараны ЮНЕСКО хатшылығымен бірлесе отырып Қазақстан тарапы ұйымдастыратын болады», - деді ресми өкіл. Оның айтуынша, пікірсайыстың ашылу салтанатына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокова, Сербия сыртқы істер министрі Вук Еремич, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай қатысады деп күтілуде.
«Қазақстан мәдениетаралық диалог аясында, оның ішінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамалары бойынша ЮНЕСКО-мен белсенді ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Сонымен қатар, ЮНЕСКО ұсынысымен 2010 жыл мәдениеттердің жақындасу жылы ретінде жарияланып, оның барысында Ұйым қамқорлығымен бүкіл әлемде мыңдаған шаралар өткен болатын», - деді А. Әбибуллаев.