Қазақстан ЮНЕСКО-мен бірлесіп, гляциологиялық зерттеулерді жалғастырады

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM –  13 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Бас директоры (ЮНЕСКО) Одрэ Азуле ЮНЕСКО мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында ЮНЕСКО аясындағы 2-санаттағы орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мәртебесін қалпына келтіру туралы келісімге қол қойды. 

2025 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасы тарапынан келісімге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қол қойды. Оның мәртебесін қалпына келтіру Қазақстанның өңірдегі ғылыми және экологиялық күн тәртібін дамытудағы бірегей рөлін көрсетеді.

2020 жылы құрылған ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы — ЮНЕСКО қамқорлығындағы әлемдегі жалғыз гляциологиялық орталық.

Келісімге қол қою Гляциологиялық орталыққа Қазақстан үшін аса маңызды таулы мұздық жүйелерін жедел бақылау бойынша зерттеулерді жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл трансшекаралық бассейндердегі мұздықтардың аудандары мен көлемін, олардың өзгеру үрдістерін бағалауға жол ашады. Мұндай деректер ел мен өңір деңгейіндегі су ресурстарын басқару шешімдерін қабылдау негізі ретінде бағалауға мүмкіндік береді.

Келісім Қазақстанның жаһандық ғылыми бастамаларға интеграциялануы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ елдің орнықты даму мен халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесін күшейтеді. 

Айта кетелік ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылғаны туралы хабарлаған еді