Оның сөзінше, бүгінде елімізде күрделі операциялар жасалып, жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіліп келеді.
– Еліміздің медициналық мүмкіндіктеріне шетел азаматтарының да қызығушылығы бар. Осы бағытты одан әрі дамыту үшін заңнамаға «медициналық туризм» ұғымын енгізу ұсынылады. Сонымен қатар, шетелден емделуге келетін азаматтарға қызмет көрсету мен оларды сүйемелдеу тәртібін реттеу көзделген. Бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Вице-министрдің сөзіне жүгінсек, түзетулер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі келісімдерді ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын құқықтық реттеудің аражігін ажыратуды, сондай-ақ оларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін жетілдіруді көздейді.
Сонымен қатар, отандық медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту мақсатында медициналық туризмді дамыту тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады.
Одан бөлек, Заң жобасымен алғаш рет «медициналық туризм» және «медициналық турист» ұғымдары енгізіледі. Бұл саланың қатысушылары клиникалар, санаторийлер, ғылыми орталықтар, туроператорлар, турагенттер және сақтандыру компаниялары бола алады. Медициналық ұйымдарға пациенттерді сүйемелдеу қызметтерін құру мүмкіндігі беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанын жазғанбыз.