Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр – Президент

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумы барысында еліміздің 5 университетінің Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылғанын мәлім етті.

 Осы ретте Президент еліміздегі жоғары оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты.

– QS халықаралық рейтинг агенттігінің президенті Нунцио Квакварелли мырза өз баяндамасында бұл мәселеге кеңінен тоқталды, Қазақстан университеттерінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Біз ортақ мақсат жолында күш біріктіріп, әріптестігімізді нығайта түсуге мүдделіміз, бірлесіп жұмыс істеуге қашанда дайынбыз. Сондай-ақ еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды. Бұл да біз үшін зор жетістік, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылғанын жеткізді.

Президент Орталық Азия елдеріндегі және біздің аймақпен көршілес бірқатар мемлекеттегі демографиялық көрсеткіштің артуы жоғары білімді экспорттауға және шетел студенттерін елімізге тартуға елеулі мүмкіндік беретінін айтты.

– Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Сондықтан алдымызға күрделі, алайда аса маңызды мақсат қойдық. Оған жету үшін әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Көптеген филиалда оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұл – аса маңызды. Өйткені білім беру саласындағы көптілділік адамдардың немесе университеттердің, тіпті, тұтас мемлекеттердің ашықтығы мен бәсеке қабілеттілігінің негізін қалайды. Келешекте де солай болмақ. Оған еш күмән жоқ. Сондықтан әлемдік академиялық кеңістікке шығуға саналы түрде маңызды қадам жасадық. Бұған қоса барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл шетелдік студенттердің мәдениетіміз бен менталитетімізді терең түсінуіне көмектеседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Президент білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды.